
2026 жылғы 21–23 қазан аралығында Испанияның Лас-Пальмас-де-Гран-Канария қаласында Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Еуропалық қауымдастықтың (ENQA) Бас ассамблеясы өтті. Оған Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік (IQAA) қатысты.
Канар аралдарының сапаны бағалау және аккредиттеу агенттігімен (ACCUEE) бірлесіп ұйымдастырылған іс-шара жоғары білім сапасын қамтамасыз ету агенттіктерінің, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірді.
Бас ассамблеяның негізгі тақырыптарының бірі Жоғары білімнің еуропалық кеңістігінде сапаны қамтамасыз ету стандарттары мен ұсынымдарын (ESG) қайта қарау және ESG 2027 жаңартылған редакциясының қорытынды жобасын таныстыру болды.
ESG-ді жаңарту еуропалық стандарттарды жоғары білімді дамытудың қазіргі үрдістері мен сапаны қамтамасыз ету тәжірибесіне сәйкестендіруге бағытталған. Жаңартылған редакцияда трансшекаралық сапаны қамтамасыз ету, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану, студентке бағдарланған оқыту, академиялық құндылықтар, сондай-ақ сыртқы бағалау рәсімдерінің ашықтығы мен тәуелсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Ұсынылған ESG 2027 жобасын 2026 жылғы қарашада Болон процесін қадағалау тобының (BFUG) отырысында қарау жоспарланып отыр. Жаңартылған стандарттарды ресми түрде қабылдау 2027 жылғы мамырда өтетін Жоғары білімнің еуропалық кеңістігі министрлер конференциясында жоспарланған.
ESG-ді талқылаумен қатар, Бас ассамблеяға қатысушылар халықаралық ынтымақтастық, трансұлттық білім беру сапасын қамтамасыз ету, бірлескен білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз етудің еуропалық тәсілін (European Approach for Quality Assurance of Joint Programmes) қайта қарау, тұрақты даму және аккредиттеу агенттіктерінің стратегиялық коммуникациялары мәселелерін қарастырды.
Іс-шара аясында ENQA басшылығына сайлау да өтті. Қауымдастықтың жаңа президенті болып Венгрияның Аккредиттеу комитетінің (MAB) өкілі Петер Левенте Лакатош (Péter Levente Lakatos) сайланды.
IQAA-ның ENQA Бас ассамблеясына қатысуы жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің еуропалық жүйесіндегі өзекті өзгерістермен танысуға, жаңартылған ESG-ді қолдану перспективаларын талқылауға және халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.