ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БОЛОН ПРОЦЕСІ

2010 жылғы наурыз айында Қазақстан ресми түрде Болон декларациясына қосылып, Жоғары білім берудің еуропалық аймағының 47- мүшесі және еуропалық білім беру кеңістігінің толық құқылы мүшесі ретінде танылған алғашқы Орталық Азия мемлекеті болды.

Болон процесіне қосылған соң Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болды.

1. Қазақстандық жоғары оқу орындарының қазіргі таңда әлемнің 650 университеті қол қойған Университеттердің Ұлы Хартиясына қосылуы орын алды. Бұл отандық білім беруді еуропа стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді. Ұлы Хартияға 60-тан аса қазақстандық университеттер қол қойды.

2. Болон декларациясының принциптеріне негізделген, мамандарды дайындаудың үштік моделі жүзеге асырылды: бакалавр – магистр – PhD доктор.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы Ұлттық баяндаманың мәліметтері бойынша магистранттарды дайындау еліміздің 118 университетінде жүргізіледі, онда 32 527 адам білім алады, оның ішінде 16 220-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Бітіру кезінде магистранттардың 92%- ы қорғап шығады.

Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестікте 16 жоғары оқу орнында PhD докторларын дайындау жүргізіледі. 2014 жылғы докторанттар саны 2063 адамды құрады.

3.Жоғары оқу орындарының оқу процесіне озық технологиялар мен оқыту жүйелері енгізілді: барлық жоғары оқу орындарына оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді, 38-інде қос дипломды білім беру, 42-інде қашықтықтан оқыту жүзеге асырылады. Дублин дексрипторларына сәйкес модульдік білім беру бағдарламаларын, силлабустарды әзірлеу жүзеге асырылуда, Ұлттық біліктілік шеңбері құрылды.

4. Студенттердің академиялық ұтқырлығы аясында сынақтық бірліктерді қайта есептеу негізіне ECTS (European Credit Transfer System) қабылданды, ECTS бойынша жаңа нұсқаулық (2015 жылғы 14-15 мамырда Ереван конференциясында білім министрлерімен бекітілген) енгізілуде.

5. ҚР БҒМ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық мобильділігіне қаражат бөледі, сондай-ақ жоғары оқу орындары тарапынан да академиялық мобильділікке қаражат бөлінеді.

Болон процесі және академиялық ұтқырлығы орталығының 2014 жылғы ресми мәліметтеріне сәйкес 52 жоғары оқу орны 1726 шетел ғалымдарын шақырған (2013 жылы – 1 533 адам, 2012 жылы – 1 349 адам, 2011 жылы – 1 717 адам, 2010 жылы – 418 адам, 2009 жылы – 389 адам).

Еуропа мемлекеттерінен – 785 ғалым, Шығыс Азиядан – 85 ғалым, Оңтүстік Шығыс Азиядан – 32 ғалым, АҚШ-тан – 140 ғалым, Ресей Федерациясынан – 498 ғалым, Беларусь Республикасынан – 28 ғалым, басқа мемлекеттерден – 158 ғалым шақырылған. Шетелдік оқытушылар мен кеңес берушілерді шақыру мемлекеттік тапсырыс аясында және жоғары оқу орнының бюджеттік емес қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

2009 жылдан 2014 жылдар аралығында барлығы 6927 шетелдік ғалымдар мен кеңес берушілер шақырылған.

Академиялық ұтқырлықты дамыту мақсатында 2014 жылы жоғары оқу орындары шетелге 1 семестрден кем емес мерзімге 805 студентті жіберді. Оның ішінде 740 адам Еуропаға, АҚШ-қа – 52, Шығыс Азияға – 12, Ресей Федерациясына – 1 адам барды. Мемлекеттік бюджет есебінен 2014 жылы шетелде 616 бакалавр және 189 магистрант білім алды.

Тұтастай алғанда, әр түрлі мамандықтар бойынша 2011 жылдан бастап академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асырылған кезеңде бакалавриаттың 1520 студенті және 1042 магистрант шетелде білім алған.

6. Салғастырмалы критерийлер мен әдіснаманы әзірлеу мақсатында сапаны қамтамасыз етудегі еуропалық ынтымақтастыққа көмектесу үшін ҚР БҒМ Аккредиттеу агенттіктерінің ұлттық тізімін құрды, оның ішіне Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз агенттігінен (IQAA) басқа тағы бір ұлттық және 8 шетелдік агенттік енді. 2009-2015 жылдар аралығында БСҚА 50 жоғары оқу орнын институционалдық аккредиттеуден және 1100 бағдарламаны аккредиттеуден өткізді, әлемнің 25 мемлекетінен 153 шетелдік сарапшы, 1100-ға жуық отандық сарапшы, оның ішінде 190 студент пен 200-ден аса жұмыс берушілер шақырылды. Агенттікте Жоғары білім берудің еуропалық кеңістігінде жоғары білім беру сапасын қамтамасыз етуге арналған стандарттар мен нұсқаулықтарды аккредиттеу стандарттарымен үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.

2014 жылғы Ұлттық баяндама мәліметтері бойынша, жалпы 115 жоғары оқу орнының 66-сы (57%) ұлттық институционалдық аккредиттеуден өтті.

Халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің 139 мамандығы бойынша 22 қазақстандық оқу орны (19%) өтті.

Институционалдық және бағдарламалық аккредиттеу стандарттарына сәйкес сапаны қамтамасыз етудің ЖОО-ішілік жүйесін ендіру және ЖОО-ның қызметін сыртқы бағалауға студенттер мен жұмыс берушілерді тарту жүзеге асырылып, жұмыс берушілер мен студенттер қатарынан сарапшылардың кеңейтілген базасы құрылуда.