

2026 жылғы 29 қазанда Астанада Maqsut Narikbayev University (MNU) базасында «Қазақстандағы трансұлттық білім беру бағдарламаларын аккредиттеу: сапа, сенім және академиялық адалдық саласындағы бірыңғай тәсілдерге көшу» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Британдық Кеңес пен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды.
Іс-шараға Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінің (IQAA), ұлттық және халықаралық аккредиттеу агенттіктерінің, жоғары оқу орындарының, Академиялық адалдық лигасының және халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел халықаралық академиялық ынтымақтастықтың кеңеюі, шетелдік университеттер филиалдарының ашылуы және Қазақстанда бірлескен әрі қос дипломды білім беру бағдарламаларының іске асырылуы жағдайында трансұлттық білім берудің сапасын қамтамасыз ету мен оны аккредиттеудің өзекті мәселелеріне арналды.
Іс-шара барысында қатысушылар трансұлттық білім беру бағдарламаларын аккредиттеудің қолданыстағы тәсілдерін, сыртқы сапаны қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін, ұлттық реттеудің ерекшеліктерін, сондай-ақ оқу нәтижелеріне деген сенімді арттырудағы академиялық адалдықтың рөлін талқылады.
Британдық Кеңестің, Ұлыбританияның Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету агенттігінің (QAA) және қазақстандық университеттердің қолдауымен әзірленген Қазақстандағы трансұлттық білім беру сапасын қамтамасыз ету шеңберіне (TNE Quality Assurance Framework) ерекше назар аударылды.
Бағдарлама аясында QAA-ның сапаны қамтамасыз ету және жетілдіру жөніндегі атқарушы директоры Роб Страуд трансұлттық білім беру сапасын қамтамасыз ету мен аккредиттеудің халықаралық тәсілдерін таныстырды. Қатысушылар қазақстандық аккредиттеу агенттіктері мен университеттерінің тәжірибесімен, соның ішінде халықаралық білім беру бағдарламаларын іске асыру кезінде академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру тәжірибесімен де танысты.
Іс-шараның қорытынды бөлігінде трансұлттық білім беруді аккредиттеудің келісілген тәсілдерін әзірлеуге және ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын айқындауға арналған жұмыс сессиясы өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша реттеуші органдардың, аккредиттеу агенттіктерінің, университеттердің және халықаралық сарапшылардың өкілдері қатысатын ұлттық жұмыс тобын құруды көздейтін қарар жобасы ұсынылды. Басым міндеттер қатарына аккредиттеудің қолданыстағы тетіктерін талдау, халықаралық тәжірибені зерделеу және трансұлттық білім беруді аккредиттеу тәсілдерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу кірді. 2027 жылғы наурызға дейін келісілген ұсынымдар мен оларды кезең-кезеңімен енгізудің жол картасын дайындау жоспарланып отыр.
IQAA-ның дөңгелек үстелге қатысуы аккредиттеу агенттіктерінің, университеттердің және халықаралық сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Қазақстандағы трансұлттық білім беру сапасын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.